12/08/2026
✅ ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚАУРУЛАРДЫ ЕМДЕУГЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЕНГІЗІЛУДЕ
Жасанды интеллект онкология саласына еніп, бүгінде дәрігерлерге қатерлі ісікті емдеуді барынша дәл жүргізуге көмектесіп келеді. Қазақстанда адаптивті сәулелік терапияның жаңа технологиясы енгізіліп, Алматы мен Астана қалаларында қолданылуда. Бұл ретте мұндай емді еліміздің барлық өңірлерінен келген пациенттер ала алады.
Жасанды интеллект сәулелік терапия тәсілдерін қалай өзгертіп, дәрігерлерге емдеу дәлдігін арттыруға қалай көмектесетіні туралы Альбина Онербаева баяндайды.
Валерий Колыхалов өзінің диагнозын кездейсоқ білді. Операция алдында тексеруден өту кезінде дәрігерлер оның тік ішегінен қатерлі ісік анықтаған. Осыдан кейін химиосәулелік терапия курсы басталды. Бүгінде ол 16 сеанстан өтті.
ВАЛЕРИЙ КОЛЫХАЛОВ — ПАЦИЕНТ
«Өзімді жаман сезініп жүрген жоқпын. Емнің нәтиже беріп жатқанын сеземін. Кейбір адамдар терапиядан кейін әлсіздік сезінеді. Менде ондай болған жоқ. Келемін, ем аламын, қайтамын — бәрі қалыпты».
Бір қарағанда қалыпты болып көрінетін бұл процедураның артында жасанды интеллект маңызды рөл атқаратын жоғары технологиялық үдеріс тұр.
Әңгіме адаптивті сәулелік терапия туралы болып отыр. Әр сеанс алдында жүйе пациенттің анатомиясындағы өзгерістерді талдап, алынған мәліметтер негізінде сәулелендірудің жаңа әрі барынша дәл жоспарын қалыптастырады.
Емдеу барысында ісік пен оның айналасындағы ағзалардың орналасуы мен пішіні өзгеруі мүмкін. Сондықтан әр сеанста бір ғана емдеу жоспарын қолдану қажетті дәлдікті үнемі қамтамасыз ете бермейді. Ал адаптивті тәсіл бұл өзгерістерді іс жүзінде нақты уақыт режимінде ескеруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте жасанды интеллект жаңа емдеу жоспарын дайындауға кететін уақытты едәуір қысқартады.
ВИКТОР КИМ — СӘУЛЕЛІК ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Жаңа әдіс — адаптивті сәулелік терапия — емдеуді әр жолы пациенттің анатомиялық ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллекттің көмегімен қысқа уақыт ішінде, яғни 5–10 минутта, жаңа оңтайлы жоспар таңдалады. Бұрын дәрігерге бір күннен үш күнге дейін уақыт алатын есептеулерді бүгінде жүйе бірнеше минут ішінде орындауға көмектеседі. Осылайша әр сәулелендіру сеансы үшін жаңа жоспар жасалады. Бұл сау тіндерді барынша қорғап, ісікті барынша дәл қамтуға мүмкіндік береді».
Пациент үшін бұл емдеу курсы бойында ғана емес, әрбір жеке сеанста да жеке тәсіл қолданылатынын білдіреді.
Жасанды интеллект көмегімен жүргізілетін адаптивті сәулелік терапия бүгінде еліміздің екі клиникасында — Алматыдағы Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтында және Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында қолжетімді.
Қазіргі кезеңде технология кіші жамбас аймағындағы ісіктерді, сондай-ақ бас және мойын аймағындағы кейбір ісіктерді емдеуде қолданылады.
Маңыздысы — емдеу Қазақстан азаматтарына, оның ішінде өңірлерден келген пациенттерге де, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында қолжетімді. Ем алу үшін Алматыға немесе Астанаға тұрақты түрде қоныс аударудың қажеті жоқ — пациент өз өңірінен бейінді орталыққа жолдана алады.
Сонымен қатар жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол маманның технологиялық құралына айналып, мәліметтерді жылдам өңдеуге, пациент ағзасындағы өзгерістерді ескеруге және емдеудің барынша дәл жоспарын есептеуге көмектеседі.
Бірнеше жыл бұрын мұндай есептеулер бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Бүгінде оған санаулы минут жеткілікті.
Арнаға тіркел / Подпишись на канал: https://www.youtube.com/...